Топ: Ересек «Балапан» тобы
Тәрбиеші: Н.Б.Сулейменова
Білім беру саласы: «Катынас»
Өтпелі тақырып: «Табиғат әлемі»
Тақырыбы: «Жабайы аңдар»
Мақсаты: Жабайы аңдардың түрлерін біледі және атайды. Таныс ертегілерді сахналауға қатысады. Тақпақтарды мәнерлеп оқиды. Дауысты және дауыссыз дыбыстарды анық айтады. Қоршаған ортаға қатысты сұрақтарға жауап береді. Құрдастармен және ересектермен қарым-қатынасқа түсе алады, өтініштерін орындайды. (SMART)
Әдіс-тәсілі: Тосын сәт (4К моделі-креативтілік, коммуникативтілік); сұрақ-жауап (бала үні, сыни ойлау); ойын (педагог жетекшілігімен жүргізілетін ойын, құрылымдаған ойын); командада жұмыс, бағалау, мадақтау (көңілді смайликтер арқылы, қолдау көрсету);
Ресурстар: теледидар, слайд «Жабайы аңдар», суреттер, карточкалар, маскалар
Сөздік жұмыс: омарта- аралардың ұясы
Шаттық шеңбері:
Біздер жақсы баламыз,
Өсті, міне, санамыз.
Қонақтармен ең алғаш,
Амандасып аламыз. Сәлеметсіз бе!
Жарқырасын күніміз,
Жайнап тұрсын гүліміз.
Жақсы тілек, ниетпен,
Бүгінгі оқу-қызметімізді бастаймыз.
Тәрбиеші: - Балалар бүгінгі оқу-қызметіміздің тақырыбын білу үшін мен сендерге жұмбақ жасырамын, тыңдаңдар.
Жұмбақтар:
1.Көлеңкесінен қорқып безектейді,
Ал оның баласын «көжек» дейді.
2.Аузы бейне, шалғы, орақ,
Шөп емес, бірақ, малды орады.
3.Өзі айлакер,өзі қу,
Жүрген жері айқай-шу.
4.Қорбаң,қорбаң етеді,
Орман оның мекені.
Тәтті балға тойып алып,
Қыста ұйқыға кетеді.
-Балалар, бұл жануарларды біз «Жабайы аңдар» деп айтамыз. Жабайы аңдар елсіз далада болады, өз азығын өзі тауып жиді. Олар күннің суығында да, ыстығында да далада жүріп өмір сүреді. Табиғатта жабайы аңдардың түрі көп.
(Бейнетаспа арқылы жабайы аңдарға сипаттама беру)
Аю - жыртқыш аң. Басы үлкен. Құлағы кішкентай, құйрығы қысқа. Жүні жұмсақ, бір түсті, қоңыр, қара не ақ, аяғы бес саусақты, тырнақты болады. Аю ақылды, иіс сезгіш. Бірақ, ешкімге тиіспейді. Суда өте жақсы сүңгиді, балық аулап жейді. Аю тоғайда, орманда мекендейді. Жазда жидек теріп жейді. Аюдың үйін – апан дейді. Апанды аю күз мезгілінде дайындайды. Апанды ағаш бұтақтарымен жауып, асты жұмсақ болуы үшін жапырақтар төсеп салады. Аю күздей семіріп, қыс бойы ұйқыда, апанда жатады. Көктем келгенде оянады. Аюдың баласы- қонжық. Аю тәтті құмар аң. Омартаға түсіп бал жейді. Омарта – дегеніміз, аралардың ұясы, тұратын үйі. Онда аралар балдарын сақтайды.
Қасқыр - жыртқыш аң. Қасқыр итке ұқсайды, сұр түсті. Тістері өткір, көздері қырағы жақсы көреді, сезімтал. Құйрығы ұзын. Өздеріне керекті жемтіктерін алыстан ақ иісінен сезеді. Тышқан, қоян, құстарды жейді. Ол қыста ұйықтамайды. Үңгірде тұрады. Қасқыр еркіндікті жақсы көреді. Қасқырдың баласын бөлтірік деп атаймыз.
Түлкі - жыртқыш аң.Түсі сұрғылт сары, құйрығы ұзын, сирағы қысқа. Әр маусымда жүндері өзгеріп отырады.Түлкі өте айлакер, қу аң. Орманда ашық жерлерде, өзен-көл жағалауларында, тауларда мекендейді. Күндіз інінде жатып, түнде қорегін тауып жейді.Ол тышқан, жәндіктер жейді.Түлкінің баласын - мыршай деп атаймыз.
Қоян - кішкентай, қорқақ аң. Құлақтары ұзын, құйрығы қысқа. Тез жүгіруге бейімделген аң. Алғы аяқтары қысқа, артқы аяқтары ұзын. Қорегі ағаш қабықтары, түрлі шөптер. Жүні өте жұмсақ. Әр маусымда өзгеріп отырады. Жазда сұр түсті, ал қыста ақ түсті тон киеді. Қоян ағаштардың қуысында қыстайды. Қоянның баласын - көжек деп атаймыз.
Ғажайып сәт: (Есік соғылады.Топқа Бауырсақ келеді)
Бауырсақ: -Сәлеметсіздер ме, балалар. Мен қайда келіп қалдым?
Тәрбиеші:- Бұл «Аққайың» балабақшасы, «Балапан» тобы. Ал сен бұнда не істеп жүрсің?
Бауырсақ: -Ой балалар, мені әже пісіріп, терезе алдына суысын деп қойды. Ал мен болсам олардан қашып кеттім. Менікі дұрыс болмады, енді адасып, үйімді таба алмай жүрмін.
Тәрбиеші: - Жақсы, Бауырсақ, саған жолды көрсетіп жіберейін. Мына жолмен жірсең, тап әже-атаның үйіне барасын.
(Бауырсақ әндетіп келе жатқанда қоян оны ұстап алады)
Қоян: -Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін.
Бауырсақ: -Жеме мені, қоян, мен саған өлең айтып беремін.
Қоян: -Сенің өлеңің жақсы екен, мен сені жемеймін, бірақ ол үшін сен менің тапсырмамды орындап бер.
Бауырсақ: - Енді не істеймін? Балалар, қоянның тапсырмасын орындауға көмектесесіздер ме?
1 тапсырма. «Дауысынан таны»
(үнтаспадан жануарлардың дауысын тыңдап, ажыратады )
Тәрбиеші: -Біз қоянның тапсырмасын орындадық. Енді, қояннан өзі туралы тақпақ сұрасақ.
Мен қоянмын, қоянмын
Түн ішінде жортамын.
Қалдырмаймын ізімді,
Өйткені күндіз қорқамын.
(Бауырсақ әндетіп келе жатырса,қасқыр ұстап алады.)
Қасқыр: -Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін.
Бауырсақ: -Жеме мені, қасқыр, мен саған өлең айтып беремін.
Қасқыр:-Сенің өлеңің жақсы екен, мен сені жемеймін, бірақ ол үшін менің тапсырмамды орындап бер.
2 тапсырма. Сөзжұмбақ.
1.Ең айлакер аң?
2.Ең қорқақ аң?
3.Балды жақсы көретін аң?
4.Қойға шабатын аң?
Тілдік жаттығу
Ян-ян-ян-секеңдеген ақ қоян
Ю-ю-ю-қорбаңдаған аю
Кі-кі-кі- бұл айлакер түлкі
Қыр-қыр-қыр- бұл көкжал қасқыр
Тәрбиеші:-Біз қасқырдың тапсырмасын орындадық. Енді қасқырдан өзі туралы тақпақ сұрасақ.
Мен қасқырмын, қасқырмын
Аң ішінде асқармын.
Талай қойды бауыздап,
Үйге әкеліп асқанмын.
(Бауырсақ әндетіп, билеп келе жатқанда аю ұстап алады)
Аю: -Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін.
Бауырсақ: -Жеме мені, аю, мен саған өлең айтып беремін.
Аю: -Сенің өлеңің жақсы екен, мен сені жемеймін, бірақ сен менің тапсырмамды орындап бер.
3 тапсырма: Ойын «Не артық?»
Шарты: Балалар суретті карточканың ішінен артық жануарды тауып, неге артық екенін айтып береді.
Тәрбиеші:-Біз аюдың тапсырмасын орындадық. Енді аюдан өзі туралы тақпақ тыңдайық.
Менің атым аю,
Оңай маған баю.
Тоғай ішінде жүремін,
Балды иісінен білемін.
(Бауырсақ әндетіп келе жатырғанда алдынан түлкі шыға келеді)
Түлкі: -Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін.
Бауырсақ: -Жеме мені, түлкі, мен саған өлең айтып беремін.
Түлкі:- Сенің өлеңің жақсы екен, мен сені жемеймін, бірақ ол үшін менің тапсырмамды орындап бер. Ха-ха-ха, боса да, орындай алмайды.
4 тапсырма: «Анасына жетуге көмектес»
Шарты: Педагог тақтаға жануарлардың суреттерін орналастырады. Балалар карточкалардан балаларын тауып қасына орналасырады және атайды.
Түлкі: -Бауырсақ, сен менен оңай құтыла алмайсың, қайтсем де, сені жеп қоям.
(Бауырсақты алып бара жатады)
Тәрбиеші: -Жоқ, қу түлкі, олай болмайды. Сен бауырсақты жей алмайсын. Біз сенің тапсырмаңды орындап бердік. Енді сен бізбен дос бол.
Түлкі: -Жарайды, балалар, кешіріңдер мені, мен енді сендермен дос боламын, бауырсақты жемеймін.
Тәрбиеші: -Өте жақсы, ондай болса түлкі жайлы тақпақ тыңдайық.
Мен түлкімін, түлкімін,
Біреулерге күлкімін.
Кейбіреуді алдаймын,
Енді бірін арбаймын.
Тәрбиеші: -Балалар, біз бауырсақты жабайы аңдарға жегізбей аман алып қалдық. Енді Бауырсақ, мен саған көмектесейін, мына тура жолмен жүрсен, ата әжеңның үйіне барасын.
Бауырсақ: -Балалар,сендерге көп-көп рахмет! Сау болыңдар!
Сергіту сәті:
Біз орманға барайық,
Жан-жағымызға қарайық.
Аю келді қорбаңдап,
Қасқыр келді ырылдап.
Ыр-ыр-ыр.
Түлкі шықты майысып,
Қоян шықты секіріп.
Қорықпаңдар балалар,
Қарап-қарап алыңдар.
Тәрбиеші: -Балалар, енді сендермен «Кейіпкерлердің көлеңкесін тап» ойынын ойнайық
Шарты: Балалар екі топқа бөлініп, берілген силуэттердің көлеңкесін тауып, орналастырады.
Ойын «Суреттерді жинаңдар»
Шарты: Педагог балаларға жануарлар суреттерінің мозайкасын таратып береді. Балалар оны құрастырып, ол аң қандай аң және қайда тұратынын айтады.
Кері байланыс:
-Бүгін біз не жайлы әңгімелестік?
-Қандай жабайы аңдарды білесіңдер?
-Неге біз оларды жабайы аңдар деп атаймыз?
-Олар немен қоректенеді?
Рефлексия: -Жарайсыңдар, балалар! Бүгінг ұйымдастырылған оқу қызметіне белсене қатыстыңдар (Бағалау смайликтер арқылы, қолдау көрсету). Енді, балалар, орнымыздан тұрып, келген қонақтармен қоштасайық.
-Сау болыңыз!
-Осымен бүгінгі оқу қызметіміз аяқталды.